16 C
Нур-Султан
Астана
Пятница, 26 апреля, 2024

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары жұмыс істейді

Қазақстанда жүздеген әртүрлі әлеуметтік жобалар, қоғамдық қорлар мен оңалту орталықтары жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Олар ерекше қажеттіліктері бар балалардың ауру белгілерін ерте анықтап, оңалту жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, балалардың құрдастарымен қарым-қатынас орнатуына, білім алуына, спорттағы қиындықтарды еңсеріп, жеңіске жетуіне көмектеседі. Ал, ересектерге күнделікті өмірге бейімделіп, баршамен бірдей еңбек етуге және мансабын көтеруге қол ұшын созады.

Ата-аналар балаларының толыққанды өмір сүруі үшін үлкен күш-жігер жұмсайды. Ал, жобалардың басты мақсаты — жасөспірім мен ересектерге әрқашан таңдау бар екенін жеткізу, мамандардың кез келген уақытта көмекке келуге дайын екенін көрсету.

АЛҒАШҚЫ КӨМЕК ҮШІН МАҢЫЗДЫ АЙЛАР

Төрт жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 перинаталдық орталықта «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының «Балапан» ерте араласу орталығы ашылды.

Орталық жетекшісі және балалар реабилитологы Дина Тәжібаеваның айтуынша, елордада жыл сайын церебралды сал ауруы бар балалар саны артып келеді және оңалту курсынан өту үшін кезекті 3-4 жыл күту керек. Сонымен қатар статистикалық мәліметтерге сәйкес, шала туылған нәрестелердің 6 пайызы мүгедек болып қалуы ықтимал. Сол себепті уақыт өткізбей, сәбилерге алғашқы айда көмек көрсету шарт.

«Түрлі аурулармен ауыратын балаларды оңалту орталықтарына немесе стационарлардың сауықтыру бөлімшелеріне бір жастан бастап қабылдайды. Балаларды оңалту жолында ең маңызды айларды жіберіп алмау үшін біздің қор ерте араласу орталығын құруды ұсынды. Алғашқы жылдары балаларды бірден қабылдай алмадық. Өйткені мамандар мен ата-аналар жастайынан оңалтудың маңыздылығын түсінбеді», — дейді Дина Тәжібаева.

Орталықта кешенді оңалту үш бағыт бойынша жүргізіледі:

1. Медициналық – барлық дәрігердің консультациялары, емдік дене шынықтыру, физиоемдеу;

2. Психологиялық-педагогикалық – педагогтар, дефектологтар, логопедтер жұмысы;

3. Әлеуметтік-кондуктивтік терапия – ата-аналарды оқыту және оңалту жұмыстарына тарту. Орталықтағы оңалту курсына ата-ананың қатысуы міндет.

Оңалту курсы 21 күнге созылады. Одан 3 айлықтан 2 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылардың балалары, шала туылған, дене салмағы төмен, перинаталдық кезеңдегі асфиксия, гипоксиямен ауырған, целебралды сал ауруы, Даун синдромы, гидроцефалия диагнозы қойылған балалар өте алады.

2017 жылдан бастап орталықта 1,5 мыңға жуық бала оңалтудан өтті. Ай сайын тәрбиеленушілердің жетістіктерінің динамикасы қадағаланады. Орталықта 114 бала өз еркімен жүруді, 164 бала тұруды, 210 бала төрт тағандап тұруды, 186 бала еңбектеуді үйренді.

БАРЛЫҒЫМЕН БІРДЕЙ

Бұқаралық дене шынықтыруды дамыту және еліміздің түкпір- түкпіріндегі балаларды спортқа тартудың маңыздылығы туралы жиі айтылады. Алайда Қазақстанда денсаулығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген дене шынықтыру белсенді дамып келе жатқанын барлығы біле бермейді.

Мұндай жаттығулар мүгедектігі бар балаларды ынталандырып, олардың тәуелсіздігін қалыптастырады. Өзін өзі бағалауды, қажетті моториканы үйлестіруді, денені дамытуға және жетілдіруге бағытталған физикалық қасиеттер мен қабілеттерді арттырады. Қазақстанда бейімделген дене шынықтыру жақында ғана пайда болды.

«Барлық спорт ұйымы ерекше балалармен жұмыс істеуден бас тартқан кезде мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қорға бірігіп, балалары үшін арнайы спорт секциясын құрды. Бұл адаптивті каратэ секциясында церебральды сал ауруына шалдыққан, есту қабілеті, ақыл-ойы бұзылған балалар, сондай-ақ олардың дені сау аға-әпкелері жаттығу жасайды. 2016 жылы Қазақстанда балалар бейімделетін тұңғыш спорт секциясы және ауқымды «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы жұмысын бастады», – деді жобаның негізін қалаушы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі Нұргүл Ұлжекова.

Қор жетекшісі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт үйірмелерінің қолжетімсіздігінің басты себебін бейімделген дене шынықтырумен айналысатын білікті мамандардың жоқтығымен, қосымша білім беру жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуде спорттық тәжірибенің болмауымен байланыстырады. Бүгінде серіктестер мен демеушілердің қолдауымен Қазақстанның 16 қаласында, соның ішінде Шымкент, Павлодар, Ақтау, Ақсу, Степногорск, Жаңаөзенде бейімделген дене тәрбиесі бойынша секциялар ашылды.

Бейімделген спорт секцияларына ерекше қажеттіліктері бар 720 бала мен жасөспірім қатысады. Сабақтар спорттың 10 түрі бойынша өткізіледі. Бейімделген каратэ, таэквондо, жүзу, бочча, голбол, инклюзивті хореография, жеңіл атлетика және басқа да секциялар. Жас спортшылар шетелге жарыстарға барып, медальмен оралып жүр.

Жобаға бейімделген дене шынықтыру бойынша 69 жаттықтырушы, екі спорт дәрігері, реабилитолог дәрігер және бес үйлестіруші тартылған.

ӨЗІҢНІҢ ЕҢ ҮЗДІК НҰСҚАҢ БОЛУ

«Тең мүмкіндіктер жасап, олардың әлеуетін ашамыз, адамдарды біріктіріп, заманауи мамандықтарға үйретеміз, өзіміздің ең үздік нұсқамыз болуға шабыт береміз», — деп жазылған ITeachMe қоғамдық қоры ұстанымында.

Ұйым 2020 жылдың наурыз айында құрылды және 2019 жылдың қаңтарында басталған Қазақстандағы әйгілі «Тең IT мүмкіндіктер әлемі» жобасының жалғасы болды. Қордың негізгі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарындағы жастарды, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау. Оларды цифрлық дағдыларға үйретіп, зияткерлік еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға көмектеседі.

«Студенттердің soft skills қасиетін дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Оқудың барлық жолы осы курстан басталады. Өйткені бізге келетін балалардың көбі қорқынышы мен ұялшақтықтығын жеңіп, «икемді дағдылар» олардың өз күшіне сенімді болуға көмектеседі», — дейді қордың қызметкерлері.

Қазіргі таңда қорда бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. 17-35 жас аралығындағы мүгедектігі бар жастар үшін ITeachMe лагері жұмыс істейді. 100-ден астам студент motion design, UI/UX design, SMM+копирайтинг, мобилография, графикалық дизайн сияқты ең өзекті мамандықтар бойынша білім алуда. Студенттер арасында сұранысқа ие екі курс қазақ тіліне аударылды – SMM-копирайтинг жәнемобилография.

ITeachMe курстарының үлкен артықшылығы – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдардың бейімделуіне жағдай жасайды. Әрбір сабақ титрлермен және сурдоаудармамен сүйемелденеді. Айта кетейік, 2019 жылдан 2021 жылға дейін ITeachMe жастар инклюзивті лагерінің төрт маусымы жүзеге асырылды. Бұл бес күндік soft skills лагері және таңдалған курс бойынша 2 айлық онлайн-сабақ.

Барлығы 100-ге жуық адам білім алып, олардың 86 пайызы жұмысқа орналасып, жеке кәсібін ашты. Арасында фриланс қызметіне көшкендері бар.

ITeachMe төртінші маусымының түлектерінің бірі Ирина Белоусова жобаның практикалық дағдыларды қолдана отырып, жаңа мамандықты толық игеруге көмектесетінін атап өтті.

«Мен үшін оқуды бітіргеннен кейін сертификатпен ғана шектелмеу маңызды болды. Олар маған жұмыс берушілер мен клиенттерді табуға көмектесті. Қор қызметкерлерінің арқасында мен өзімді күтпеген ойын-сауық телешоуларына сценарий жазу, журналистика, SMM салаларында сынап көрдім. Қолымнан келетінін білдім. Өйткені, маған сенетіндер бар», – деді ол.

Қордың екінші ауқымды жобасы – 13 пен 19 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге арналған кәсіптік бағдар беретін Leader Z онлайн мектебі. Мұнда да ең алдымен балаларды soft skills, базалық компьютерлік дағдыларға, ал кейін төрт бағыт бойынша, яғни мобилография, скетчинг, Scratch, Steam сияқты кәсіби дағдыларға үйретеді.

Қыркүйек айында іріктеу кезеңі аяқталып, қазір ерекше білім беруді қажет ететін 70-тен астам бала Leader Z жобасы бойынша білім алып жатыр.

 

 

Соответствующие статьи

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Последние новости