Спецпроекты

Мемлекет тарапынан мүгедек балаларға қандай қолдау көрсетіледі

2021 жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжатта бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын азаматтарға қатысты жеңілдіктер енгізу қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда бірінші топтағы 66 мың мүгедектің үштен бірі өз күтіміне байланысты не жәрдемақымен, не жеке көмекші қызметімен қамтылмаған.

Оның айтуынша, қабылданған заң нормалары басқа адамның тұрақты күтіміне зәру 24 мың адамды қосымша қамтуды көздеп отыр.

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖӘРДЕМАҚЫЛАР

Қазақстанда қабылданған заңдағы негізгі өзгерістердің бірі – 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды денсаулығындағы кінәраты мен мүгедектігінің санаты бойынша мүгедектік топтарына бөлу.

Заңға енгізілген түзетулерді әзірлегендер аталған өзгеріс оңалту шараларының және әлеуметтік көмектің деңгейін, сондай-ақ балалар ауруының ауырлығы дәрежесіне қарай жәрдемақы мөлшерін саралауға мүмкіндік беретініне сенімді.

Бұдан басқа, барлық топтағы мүгедек балаларға төленетін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін өседі. Бұл шарамен мүмкіндігі шектеулі 30 мыңнан астам бала қамтылады.

«Денсаулығына ерекше күтімді қажет ететін баланы тәрбиелеу оңай емес, ал егер жалғызбасты болсаң, тіптен қиын. Үздіксіз оңалту шараларымен, дәрі-дәрмекпен, жаттығумен қамту — мұның бәрі өте қажет, бірақ қымбат. Сондықтан, мұндай мемлекеттік қолдау дер кезінде қолға алынып отыр. Мен көптеген ата-аналармен араласамын, кей отбасыларда бір емес, тіпті екі «ерекше» баладан бар, көпбалалылар бар. Осындай заңның қабылданғанына қуанып қалдық», — дейді Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Светлана Захарова.

Сонымен қатар, заңдағы түзетулерде мүгедектігі бойынша да, асыраушысынан айырылуы бойынша да жәрдемақыны бір уақытта алу құқығы қарастырылған.

«2021 жылдың қаңтар-қараша айларының аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге 283,5 млрд теңге, ал асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақыларды төлеуге 74 млрд теңге бөлінді», — деп хабарлады халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Айта кетейік, қазіргі уақытта мүгедек балалар ата-анасы ажырасып кеткен жағдайда, алиментті де, мүгедектігі бойынша жәрдемақысын да бірдей ала алады.

«Алайда, ата-анасының бірі қайтыс болған жағдайда, бала асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақыны, не болмаса мүгедектігі бойынша жәрдемақыны ғана ала алады. Екі жәрдемақы түрінің бірдей тағайындалуы ата-анасынан бірден айырылған балаларға қатысты кемсітушіліктің орын алуына жол бермейді», — деп түсіндірді С. Шәпкенов.

Заңдағы бұл норма 2 мың баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар, асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақыны да алуына мүмкіндік береді.

БАСПАНАМЕН ҚАМТУ

Бұдан басқа, қабылданған түзетулер мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға баланың кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй кезегін сақтап қалуына мүмкіндік береді.

«Мұндай отбасылар баспана кезегінде 10 жылға дейін тұрып қалады. Егер баланың 18 жасқа толғанға дейін баспана алуға мүмкіндігі болмаса, мүмкіндігі шектеулі азамат қайтадан кезекке тұруы керек. Енді бұл норма 20 мыңнан астам отбасының баспана кезегін сақтап қалуына мүмкіндік береді», — деді С. Шәпкенов.

Заң жобасын талқылау кезінде депутаттардың да бірқатар норманы енгізгенін айта кету керек. Атап айтқанда, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға мүмкіндігі шектеулі адамның өзінің дербес қажеттіліктерін ескере отырып, жеке оңалту бағдарламасын дайындауына мүмкіндік беретін түзету енгізілді.

Сонымен қатар, ым-ишарамен сөйлесу қызметіне, жеке көмекшінің көмегіне жүгіну, шипажайда емделу, протездік-ортопедиялық көмек алу, техникалық оңалту құралдарымен қамту және оларды ауыстыру қызметтерін көрсету тәртібі бойынша жаңа құзыреттер анықталды.

Әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 266 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан техникалық оңалту құралдарын, 6 мыңнан астамы ым-ишарамен сөйлесу қызметін, 33 мыңнан астам адам жеке көмекшінің қызметін, шамамен 55 мың адам шипажайда емделу қызметін алған.

Сондай-ақ, осы портал арқылы кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер бойынша 212 000 тапсырыс рәсімделген.

 

Loading

Facebook
Twitter
LinkedIn
WhatsApp
Telegram

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *