28 C
Нур-Султан
Воскресенье, 3 июля, 2022

Мамандығың — мақтанышың: Қазақстанда Әлеуметтік қызметкерлер күні атап өтілуде

Қазақстанда Әлеуметтік қызметкерлер күнінің аталып келе жатқанына — 10 жыл. Қазанның соңғы жексенбісінде халық кең пейілді, жүрегі мейірімге толы мамандарды құттықтап, қиын кезеңде көрсеткен көмегі үшін алғыс жаудырады.

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні 2011 жылғы 26 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді.

Қалай басталғаны туралы…

Қазақстанда әлеуметтік саланы дамыту жолында жүйелі жұмыс Тәуелсіздік алғаннан басталды. Жас мемлекет қайта құру жылдарында халықтың қордаланған әлеуметтік мәселелерін шешуге асықты.

Елімізде мүгедектерді қолдау, міндетті әлеуметтік сақтандыру, көпбалалы отбасыларға көмек, асыраушысынан айырылғандарға берілетін төлемдер, жұмысқа орналастыру бағдарламалары, жұмыссыздарды қорғау, атаулы әлеуметтік көмек және осал азаматтарды қолдауға бағытталған бірқатар заң мен бағдарлама қабылданды.

Осы кезеңде әлеуметтік жұмыс мамандығы ерекше маңызға ие болды.

Мамандардың мойнына қиын жағдайдағы адамдарға демеу болу, панасыз қалған балалардың, көпбалалы отбасылардың, жалғызбасты қариялардың, мүгедектігі бар жандардың, жұмыссыздардың және қолдауды қажет ететін барлық адамдардың проблемаларын шешу сияқты күрделі міндеттер жүктелді.

Олар ең алдымен әлеуметтік осал топтарға көмекке асығып, қиындықтарды жеңуге көмектесті.

«Әлеуметтік қызметкер — ерекше сипаттағы жан. Кез келген адам әлеуметтік қызметкер бола алмайды. Әлеуметтік қызметкерлердің ІІІ халықаралық форумында әйелдердің әлеуметтік жұмысқа көбірек бейімделгені айтылды. Өйткені, әйелдер өмірдің қиын жағдайына тап болған адамға жанашырлық танытуға ұмтылады. Әлеуметтік қызметкер олармен жұмыс істей отыра, қиын жағдайдан шығарады. Өте қиын мамандық», — дейді профессор, экономика ғылымдарының докторы, Каритас Германия Тәжікстандағы филиалының жоба үйлестірушісі Субхон Ашуров.

Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік сала айтарлықтай өсті. Халықты әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі ұлттық моделі құрылды. Бүгінде ел тұрғындарын әлеуметтік қолдау бойынша ондаған бағдарлама, жол картасы мен заңдар бар.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қазақстанның әлеуметтік кодексі әзірленіп жатыр.

Кодекс өмірдің қиын жағдайына байланысты әр кезеңде көрсетілетін әлеуметтік қорғау мен қолдау шараларының барлық кешенін жүйелеуге мүмкіндік береді.

«Әлеуметтік қызметкер» мамандығы белсенді дамып келеді. Үйде көмек көрсететін биліктің өкілі ғана емес, өмірдің қиын жағдайына душар болған адамды қолдау мен қорғауға дайын дос пен психолог.

Мұқтаж қазақстандықтар үшін өзгеріс агенттері

Қазіргі уақытта Қазақстанда 12 мыңға жуық адам әлеуметтік жұмысқа тартылған. Қазақстанның 17 жоғары оқу орнында осы мамандық бойынша білім алуға болады.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Балаларды қорғау жөніндегі бағдарламасының үйлестірушісі Айсұлу Бекмұсаның пікірінше, республикада әлі де кураторлардың міндеттерін орындайтын және отбасын қолдау, сондай-ақ отбасы базасында балаларға балама күтім жасауды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуге жауапты әлеуметтік қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады.

«Әлеуметтік жұмыс мамандық ретінде дамып келеді, ал әлеуметтік қызметкерлер көлеңкеде қалып қоюда. Тәуекелді ортада жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер қорғалмаған. Халықпен жеке жұмыс — кейс-менеджмент — әлеуметтік жұмыстың функциясы ретінде заңмен реттелмеген, ал мамандарға балалар мен отбасыларға тиімді қолдау көрсету, сондай-ақ кемсітушілік көзқарастар, нанымдар және нормалармен күресу үшін білім мен дағды қажет», — дейді ол.

Сонымен қатар маман соңғы жылдары елімізде әлеуметтік қызметкер мәртебесін көтеру, жалақыны арттыру және еліміздің университеттерінде кадрлар даярлап, жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін көп жұмыс атқарылғанын айтты.

«Қазіргі заманғы әлеуметтік қызметкерлер, бұл тек әлеуметтік қызмет көрсетудің ғана емес, сонымен қатар жаңа ойлау мен мінез-құлық стандарттарының жолсерігі саналатын өзгеріс агенттері», — деп атап өтті Айсұлу Бекмұса.

Абырой мен мәртебені арттыру курсы

Сонымен 2021 жылы Қазақстанда әлеуметтік қызметкер мәртебесі туралы заң әзірлене бастады. Құжат әлеуметтік жұмыстың беделін арттыруға бағытталады.

Заң жобасын дайындау барысында әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талаптарды одан әрі жетілдіру қарастырылады. Құжатта мамандықтардың атауы жаңартылады деп жоспарлануда.

Бұдан басқа, заң жобасында аттестациялау және тіркеу арқылы әлеуметтік қызметкерлердің есебін құру, сондай-ақ кадрларды даярлау және олардың кәсіби даму жүйесін жетілдіру ұсынылады.

«Кәсіби титықтамауы үшін әлеуметтік қызметкерлерде тиісті дағдыларды қалыптастыру керек. Бұл күрделі процесс, бірақ кез келген жағдайда әлеуметтік қызметкерлердің кәсібилігін жоғалтпайтын түрлі әдістер мен технологиялар бар», — деп бөлісті Субхон Ашуров.

Психоэмоционалдық жүктеме үшін төлемдерді қоса алғанда, еңбекақы төлеу біліктілік деңгейіне және нормативтік жүктемеге сәйкес жүргізу жоспарлануда.

Әлеуметтік қызметкердің жұмысы төмен жалақымен шектеліп, жүктеме деңгейі мен жұмыс сипатына сәйкес келмейді. Ел билігі 2023 жылға дейін әлеуметтік қызметкерлерге қосымша ақы төлеуге бюджеттен 25 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетінін мәлімдеді.

Бүгінде «әлеуметтік қызметкер» — көзі ашық, мейірімді, ерекше адамдарға арналған мамандық деп сеніммен айта аламыз. Қазанның соңғы жексенбісінде әлеуметтік сала мамандары Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен және ерекшелік белгілерімен марапатталады.

Бірақ олар үшін ең жақсы марапат — мұқтаж жандардың күлімсіреген жүзі мен олардың шексіз алғысы.

* Бұл материалда айтылған пікірлер авторлардың пікірі және міндетті түрде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің ресми көзқарасын білдірмейді.

ЖОБА ТУРАЛЫ

Бұл жобада біз Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі және созылмалы аурулармен ауыратын, ерекше білім алу қажеттілігі бар жандар мен балаларға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатқаны туралы баяндаймыз. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтің қалай жұмыс істейтіні және әлеуметтік қызметкер дегеннің кім екені туралы айтып береміз.

 

Соответствующие статьи

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Последние новости