Спецпроекты

Созылмалы дертке шалдыққан балаларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?

Соңғы жылдары Қазақстан АҚТҚ инфекциясын эпидемиологиялық қадағалауды дамыту және жетілдіру бойынша ТМД елдерінің арасында көш бастады. Оның құрылымына халық пен негізгі топтар ішінде АҚТҚ инфекциясын эпидемиологиялық бақылау міндеттерін кеңейтуге мүмкіндік беретін заманауи компоненттер кіреді. Мемлекет пен ұлттық орталықтар серіктестігі АҚТҚ мәселесін саяси күн тәртібінде ұстауға мүмкіндік береді. Бүгінде қауымдастықтар жұмыла жұмыс істеуі қажет. Бұл АҚТҚ жұқтырған адамдарды кемсіту мен стигманы азайтып, қауымдастық қызметін көрсетудегі кедергілерді жояды.

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы созылмалы аурулары бар балалармен ауқымды жұмыс жүргізеді. Мемлекеттік орталық қызметіне енетін шаралар: АҚТҚ инфекциясы және вирустық гепатиттің алдын алу; диагностикадан өткізу және ем-шараларын ұйымдастыру; тері-венерологиялық патологиясы бар адамдарға жоғары және мамандандырылған медициналық көмек сапасын арттыру мен ауқымын кеңейту; ғылыми-зерттеу және ғылыми-тәжірибе жұмыстарын жүргізу; тәрбиелік іс-шара.

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Асылхан Әбішев ерекше балалармен жасалатын жұмыс туралы айтты.

2021 жылдың 30 қарашасындағы жағдай бойынша диспансерлік есепке 18 жасқа дейінгі 539 бала алынған, олардың 160-сы 0-8 жас аралығындағы, 379-ы 9-17 жас аралығындағы балалар. Ретровирусқа қарсы терапияны 99% алады, оның ішінде емдеудің вирусологиялық тиімділігі 85% көрсеткен.

Мемлекет тарапынан АҚТҚ инфекциясымен өмір сүретін балаларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіледі:

– динамикалық бақылау;

– ретровирусқа қарсы түпнұсқалық өндірістегі дәрі-дәрмекпен және АИТҚ инфекциясымен байланысты ауруларды профилактикалық емдеуге арналған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

– туғаннан бастап 12 айға дейін сүт қоспалары;

– ай сайын екі ең төменгі күнкөріс көлеміндегі жәрдемақы.

Соңғы үш жылда ҚР үкіметтік емес ұйымдарына мемлекет тарапынан ата-аналар мен балалардың мәртебесін ашу және психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету бойынша іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік тапсырыстар беріледі. Бұл іс-шаралармен 100-ден астам бала мен олардың ата-аналары қамтылған.

Соңғы екі жылда Түркістан және Алматы облыстарындағы шипажайларда АИТҚ инфекциясын жұқтырған 80-нен астам жасөспірімдерге көктем, жаз және қыс мезгілдерінде көшбасшылар мектептері ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның барлық аймағынан балалар келді.

Асылхан Әбішевтің айтуынша, бұл іс-шаралардың мақсаты – Қазақстанның барлық өңірінен келген жасөспірімдер арасындағы байланысты нығайтып, уақытын пайдалы өткізуін қамтамасыз ету. Бұл үшін арнайы балалармен тікелей жұмыс істейтін көпбейінді топтың (КБТ) мамандары: психологтар, педиатрлар, медбикелер және ҮЕҰ мамандары таңдалды. Дәрістер күнделікті интерактивті форматта оқу залдарында, ашық алаңдарда жүргізілді.

– ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық аясында АИТҚ инфекциясын жұқтырған балаларға психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету бойынша әдістемелік құрал әзірленіп, облыстық, қалалық ЖИТС орталықтарының жұмысына енгізіліп жатыр, – деп түйіндеді орталық директоры.

Елімізде 2019-2021 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында АИТҚ инфекциясы індетіне тартылған балалар мен жасөспірімдерді және олардың ата-аналарын психологиялық-әлеуметтік қолдау мен бейімделуін дамыту» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жоба созылмалы аурулары бар балалар мен жастарға бағытталған. Олар өзін өзгелерден кем сезінбеуі керек!

Loading

Facebook
Twitter
LinkedIn
WhatsApp
Telegram

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған