16 C
Нур-Султан
Астана
Вторник, 23 апреля, 2024

Цифрлық трансформация: Технологияларды енгізу арқылы әлеуметтік сала қалай өзгереді

ҚазАқпарат — COVID-19 Қазақстандағы цифрландыру қарқынын жеделдете түсті. Қашықтан жұмыс істеу, мектептерде қашықтан оқыту және басқа да салаларда заманауи технологиялардың көмегінсіз жұмыс істеу қиын екенін көрсетті. Пандемия кезінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуде цифрлық трансформация мәселесі де өзекті бола түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген мәлімет бойынша, 2020 жылы көрсетілген 12,4 миллион қызметтің 7,8 миллионы электронды, 260 мыңы проактивті түрде көрсетілген. Ал 2021 жылдың басынан бері көрсетілген 9,7 миллион мемлекеттік қызметтің 6,7 миллионы электронды, оның ішінде проактивті — 238,6 мың.

Электронды мемлекеттік қызметтерді алушылардың саны күн санап артып келе жатыр. Қазақстандықтар жолға және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекке уақыт кетірмей, онлайн қызмет алғанды жөн көреді. Сондай-ақ қашықтан алуға болатын мемлекеттік қызметтердің қатары өсіп келе жатқаны байқалады.

ЦИФРЛАНДЫРУ КӨМЕГІ

Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы электрондық процестерді жетілдіру және қызмет көрсетудің қағаз түрін электронды және проактивті форматқа көшіру жұмыстары тұрақты жүріп жатқанын айтады. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында халыққа проактивті қызметтерді көрсетуді жан-жақты қамту үшін бірқатар іс-шара қолға алынды. Атап айтқанда, биылғы қаңтардан бастап елімізде мемлекеттік қызметтерді өтінішсіз көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Енді мүмкіндігі шектеулі жандарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық – көмекші (компенсаторлық) құралдармен, І топтағы мүгедектерге жеке көмекші қызметі, сондай-ақ есту қабілеті нашар адамдарға ым-ишара тілі маманы қызметімен қамтамасыз етуге қажет құжаттарды онлайн рәсімдеуге болады.

Бұдан бөлек, елімізде проактивті форматта бірнеше мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процестері қайта қаралып, іске қосылды. Сонымен қатар қызмет алушыға SMS-хабарлама жіберу уақыты қысқартылды. Бұл өз кезегінде баланың туылуына және күтімі бойынша берілетін жәрдемақыларды, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірістен айырылғанда тағайындалатын әлеуметтік төлемдерді немесе асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін төлемдер мен басқа да жәрдемақыларды тағайындау процестерін жеделдетті.

Алдағы уақытта Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау қызметтерін де оңтайландыруды жоспарлап отыр.

Қазақстанда тағы бір пилоттық жоба – «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылдың шілде айынан бастап жаңа технологиялардың көмегімен «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу» және «Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттар рәсімдеу» мемлекеттік қызметтерін алуға болады.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедек екенін растап, жәрдемақы алу үшін барлық тиісті органдарды шарлап шығатын еді. Ыңғайсыз формат толығымен қайта қаралды. Мысалы, мен емханаға бір рет барамын. Медицина қызметкері барлық диагнозды, құжатты базаға енгізеді. Әрі қарай барлық процесс онлайн жалғасады. Ешқайда барудың қажеті жоқ. SMS-хабарлама телефонға келеді», — дейді III топтағы мүгедек Дамир Аюпов.

Сондай-ақ 2021 жылдың ақпан айынан бастап қазақстандықтар көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау қызметін, ал сәуір айынан бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша қызметтерді веб-портал арқылы ала алады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету мақсатында биылғы шілдеден бастап жәрдемақы тағайындауға өтініштерді пилоттық режимде экстерриториалдық қабылдау тәсілі енгізілді.

Бірінші кезеңде бала тууға және оның күтіміне жәрдемақы тағайындау, жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылуы жағдайында төленетін әлеуметтік төлемдер, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау секілді қызметтер іске қосылды.

Осылайша, қазақстандықтар зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау үшін кез келген жерде, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады.

Ведомство ел тұрғындары онлайн қызметтерді белсенді пайдаланатынын атап өтті. Сарапшылар жыл басынан бері халық арасында ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің рейтингін жасады.

Мәселен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қаражаттың түсуі мен қозғалысы туралы мәлімет алуға 3 миллион 454 мың салымшы жүгінген. Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігін растайтын ақпарат алу үшін 2 миллион 017 мың адам өтініш білдірген. 638,6 мың азамат жұмыс іздеп тіркелген. Бала тууға және оның күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау бойынша қызметті 526,4 мың әйел алған. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға 439,2 мың азамат жүгінген.

ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БОЛАШАҒЫНА ҚАДАМ

Бұған дейін халыққа Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақыларын рәсімдеу процестерін «тар жол, тайғақ кешу» деп атаған болатын.

«Біз адамдардың зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау кезінде қандай қиындықтарға тап болатынын көріп отырмыз. Бұл процестерді толық цифрландыру қажет. Адамдар емес, деректер «жүгіруі» шарт. Ведомствоаралық және азаматтармен қарым-қатынаста қағазбастылықтан арылуға ұмтылу керек», — деді Мемлекет басшысы.

Сарапшылар Қазақстанда цифрлық технологияларды енгізу қарқыны әлемдік орташа деңгейден едәуір артта қалғанын айтады. Дегенмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, оларды электронды форматқа көшіру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізіп жатыр.

ЦДИАӨМ мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 проценті немесе 690-ының 624-і электронды форматта көрсетіледі. Ведомство мемлекеттік қызметтерді тек eGov порталы мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана емес, сондай-ақ басқа да платформалар арқылы алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

«Қазақстандықтар смартфондарды белсене пайдалана бастағанын ескере, ведомство мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету, қажетсіз кедергілер мен қағазбастылықтарды жою мақсатында жаңа қызметтерді енгізіп, сондай-ақ халық арасында көп қолданыстағы мобильді платформаларға мемлекеттік қызметтерді шығарып жатыр», — деді министрлік басшысы Бағдат Мусин Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында.

Сондай-ақ ол «ХҚКО» мобильді қосымшасының іске қосылғанын хабарлады. Бүгінде халыққа пилоттық режимде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізімі бекітілген.

«Бұл шаралар мемлекеттік қызметті тек электронды үкімет порталы арқылы ғана алып, уақыт талабына сай емес «тар жағдайдан» арылуға мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде төрт аймақ – Ақмола, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарында 24 оператор мобильді қосымшада бейнеқоңырау арқылы мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұл халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының жаңа форматы», — деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта қосымшаның тұтынушы профилі, кезекті брондау, QR арқылы талон алу, бейнеқоңырау арқылы мемлекеттік қызмет алу сынды негізгі функциялары дайын. Сондай-ақ қосымшада халыққа қызмет көрсету орталықтары бөлімшелерінің жұмыс кестесі, жұмыс жүктемесі, мекенжайы туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар кеңесші-гидтен жиі қойылатын сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі де қарастырылған. Уақыт өте келе қызмет түрі арта түседі деп сендірді министр.

Қазақстандықтар мобильді қосымшаның көмегімен кассада кезек күтпей QR төлемдер жасай алады. Сонымен қатар тіркелген тұрғылықты мекенжайы өзгерген жағдайда SMS-хабарлама келеді. Осылайша, үй иесі телефонына өзі тіркеген адамның деректері көрсетілген хабарлама алса, тиісті хабарламаны есептен шығарылған азамат та алады.

«Цифрландыру азаматтарға сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, цифрлық платформалар арқылы халықтың барлық санатына мемлекеттік қызметтердің ашық және қолжетімді болуына кепілдік береді. Қазіргі кезеңде азаматтар қажет қызметтердің басым бөлігін электронды форматта және «бір терезе» қағидаты бойынша алады. Жалпы кең ауқымда электронды үкімет пен IT-индустрияны дамыту азаматтардың экономикалық және саяси процестерге қатысуына кең мүмкіндік ашады», — деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері Айдана Акесина.

Сондай-ақ сервис бөгде адамдарды рұқсатсыз тіркеуге жол бермейді және азаматтарды тіркеуден шығарылғаны туралы ескертуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ведомство мультиплатформалы цифрландыру моделіне көшуді жоспарлап отыр.

«Жаңа модель әртүрлі мемлекеттік органдардың 400 ақпараттық жүйесінің бөлінуі және интеграциялануы мәселесін шешеді, бұл өз кезегінде ашықтыққа және мемлекеттік қызмет саласын азаматтардың қажеттіліктеріне назар аударуына әкеледі», — деп түйіндеді Бағдат Мусин.

Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің ресми көзқарасын білдірмейді.

 

Соответствующие статьи

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Последние новости