16 C
Нур-Султан
Астана
Суббота, 20 апреля, 2024

Әлеумет қызметкерлері: Адамдарға көмектесу – ұлы іс

Әлеумет қызметкері психолог, көмекші және қарапайым дос та бола алады. Мәселенің қиындығына қарамастан әлеумет қызметкері әр салада көмек көрсетуге дайын. Әлеумет қызметкері деген кім? Олар өмірде қандай мәселелермен кездеседі?

Көмек көрсету

Әлеумет қызметкері Зарема Мырзахметова мамандығын студент кезінде таңдаған. Ол Германияда қызметтердің әлеуметтік дамуы мен инновациялары туралы оқып, саланы Қазақстанда дамытуды қолға алады.

«Адамдарға қол ұшын созғым келеді. Менің кәсібім халықты қолдау дегенді білдіреді. Қызметімде ризашылық, құрмет, емделу, түсіну сезімдерін ерекше байқаймын. Жұмыс маған шабыт береді», — дейді ол.

Зарема Мырзахметова Қарағанды қаласының №5 емханасында профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінде он жылдан астам әлеуметтік жұмыс маманы болып жұмыс істейді. Оның міндеттері – халықпен тікелей байланыс орнату, адамдардың өмір сүру жағдайларын тексеру.

«Осы уақыт аралығында таңдауыма өкінген күнім болмады. Тағы да таңдау жасасам, осы жолды, осы мамандықты таңдаудан тартынбас едім», – деп әңгімесін жалғастырады Зарема.

Әлеумет қызметкерінің айтуынша, мамандығының басты ерекшелігі – адамдарға деген шексіз сүйіспеншілік және олардың жан дүниесін түсіну, жай-күйін ұғыну қабілеттілігі.

«Халықтың әлеуметтік өмірі медицинада ғана емес, қоғамда да үлкен мәнге ие. Біздің кәсібіміздің өрісін кеңейтіп, даму нәтижесіне ұмтылу керек. Адамдардың жеке мәселелерді оңай шеше алатындай жағдай жасап, науқастарды әлеуметтік сауықтыру үшін жәрдемесу шарт», – дейді Зарема.

Тағдыр таңдауы…

Нұр-Сұлтан қаласындағы №15 қалалық емхана қызметінің бұрынғы әлеумет қызметкері Гюзель Уәлиеваның еңбек жолы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетуден басталды. Ол балаларды бассейнге апарып, дамыту сабақтарын жүргізіп, әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырды. Оның ұмтылысын байқаған басшылық әлеуметтік жұмыс маманы қызметіне ауыстырды.

«Жаңа қызмет «екінші тынысымды» ашты. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған іс-шара ұйымдастырдым. Ойымда көптеген идея болды, олардың бірқатарын жүзеге асыра алдым», – дейді Гюзель.

ҚР Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен «Мінсіз отбасы» жобасы ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты 18 жастан асқан ақыл-ой кемістігі бар жастарды тәуелсіз өмірге дайындау болды. Мамандар балалармен де, ата-аналармен де әртүрлі бағытта жұмыс істеді. Мәселен, ата-аналарының жаңаша ойлап, балаларына еркіндік пен тәуелсіздік беру жолдарын қарастырды. Жүзеге асырылған жобаның алғашқы алты айында кейбір тәрбиеленушілер отбасын құрды.

Гюзель Уәлиеваның басты жобаларының бірі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шағын орталықтар моделін енгізу болды. Ол өзге мамандармен тәжірибесін бөлісіп, Қазақстанның басқа аймақтарында да шағын орталықтар ашты.

«Бес жыл белсенді жұмыс істегеннен кейін декрет демалысына шықтым. Уақытымды ұлыма арнадым. Ол жақ-бет бөлігінің патологиясымен туылды. Көптеген операция мен оңалту жұмыстары жүргізілді. Осы кезде тағдырдың маған мамандығымды бекер жібермегенін түсіндім. Басқа жағдайда психологиялық жағынан шыдай алар ма едім?», — деді ол.

Гюзель тағдырдың жазған қиындығына мойымай, дәл осындай ультрадыбысты сканерлеу диагнозы қойылған қыздарға қолдау көрсете бастады. Әрбір жанға мәселенің түбі шешілетінін жеткізуге тырысып бақты. Оның айтуынша, сенім мен отбасы қолдауының арқасында қиындықтарды жеңуге болады.

«Мамандыққа байланысты үмітім толығымен ақталды. Біздің мамандығымыз – жүрек таңдауы! Қазір менің мақсатым – ұлымды толығымен қалпына келтіру. Ұлымның қоғамның толыққанды мүшесі болып, жетістіктерге жетіп, еліміздің лайықты азаматы болуы үшін еңбек етемін! Болашақта ол жақ-бет хирургы болса деп армандаймын», – деп әңгімесін түйіндеді Гюзель.

«Бала отбасында өсіп, тәрбиеленуі тиіс» деген ұранмен Гүлнабат Аппазова әлеумет қызметкері мамандығын таңдады. Оның айтуынша, қызметтің ең маңызды бөлігі – жұмысқа деген құштарлық. Еңбек жолы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінде басталды.

«Жұмыста әртүрлі жандармен кездесеміз. Адамдармен жұмыс істеу – күрделі сала. Үлкен шыдамдылық пен мықты денсаулық қажет. Көп күш пен қуат жұмсалады. Табыстың басты құпиясы – мейірімділік. Сол арқылы еңбегіңді құрметтейді және бағалайды», – дейді әлеумет қызметкері.

Өмірлік кәсіп

Гүлнабат Аппазова кейін әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жұмысқа орналасты. Орталық жүйке жүйесі аурулары (церебральды сал ауруы, Даун синдромы және т.б.) бар балалар мен жасөспірімдерді тәулік бойы қабылдауға арналған.

«Биыл психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығының қорытындысы бойынша 7 бала үйде және арнайы түзету мектеп-интернатында оқытылды. Мен әрқашан балалардың дамып, білім алғанын қалаймын», – дейді ол.

Әлеумет қызметкері ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеудің жолын жақсы біледі.

«Өмірімдегі менің жанды жерім – ұлым. Ол көңілді жүрсе, біздің де көңіл-күйіміз көтеріледі, ал ауырған кезде алаңдаймыз. Мен ұлымды күндіз әкелемін. Әлі де арнайы түзету мектеп-интернатында оқиды», — деп жалғады сөзін Гүлнабат.

Ол 14 жылдық еңбек өтілінде үнемі біліктілігі мен дағдыларын жетілдіріп, курстар мен тренингтерге жиі қатысады. Білімін ерекше балаларға қолдау көрсету және көмектесу үшін пайдаланады. Жұмысын қатты жақсы көреді.

Соответствующие статьи

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Последние новости